Елордада ертең басталатын Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VIII съезіне дайындық қызу.

Бүгін шара қарсаңында Хатшылықтың XXIII отырысы өтті. Жиынға ортақ мүдде үшін табан тіреген түрлі дін өкілдері қатысты.

Жаһандық геосаясат қазір қысқа күнде қырық құбылып тұр. Оны еңсеру үшін барлық конструктивті және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі маңызды. Съез Хатшылығының отырысында оның төрағасы Мәулен Әшімбаев дін көшбасшыларын жұдырықтай жұмылуға және жаһандық мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы да алаңдатып отыр. Халықаралық қауіпсіздік тетіктері қауқарсыздық танытып, протекционизммен біржақты әрекеттер артуда. Мұндай сын-қатерлерді еңсеру үшін барлық конструктивті және жасмпаз күштердің бірлесіп әрекет етуі айырықша мәнге ие.

Алқалы жиынның аясы жыл сайын кеңіп, Съез хатшылығының қатары мақсат-мүддесі бір ұйымдармен толығып келеді. Шиеленіс артқан заманда түрлі дін өкілдерінің бір жерде басқосуы уақыт өткен сайын ортақ құндылыққа айналды.

Цзин Бо, Қытай Буддистер қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Буддизм – барлық тіршілік иесіне үлкен жанашырлық пен мейріміділікке жол салады. Христиан діні – жақынды бар ынтаңмен жақсы көруді уағыздайды. Даосизм – табиғатпен үндесіп өмір сүру принципін ұстанады. Ал Ислам діні – төзімділік пен мейірімділікке бастайды. Міне, осы қағидаттар – біздің құрып отырған диалогымыздың негізі өзегі.

Съезд Хатшылығының ХХІІІ отырысында хаттама қабылданды. Бейбітшілік пен өзара түсіністік символына айналған құжатқа «Астана бейбітшілік декларациясы-2025» атауы берілді. Хатшылықта белсенділік танытқан дін көшбасшылар елорда екі күн бойы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысады.

Авторы: Альмира Оразбай