Елімізде алғашқы отандық онлайн-кинотеатр іске қосылды. Қазақ киносы күніне орай Астанада Unico Play ұлттық стримиң платформасының ресми тұсаукесері өтті. Шараға Uni-Q Group медиахолдингі ұйытқы болды.
Қазақ сериалдары, бірегей контент, AI-дубляж және әлемдік классика бар ұлттық стриминг. Мұның бәрін Unico Play тұғырнамасы бір арнаға тоғыстырды. Бұл жүйе алғаш рет сандық ойын-сауықтың жаңа стандарты ретінде көрермен назарына ұсынылып отыр. Unico Play өзінің жеке IT платформасында құрастырылған. Алғашқы күннен бастап бүкіл әлем бойынша смартфондарда, браузерлерде және Smart теледидарларда қолжетімді.
Анар Жүнісова, «Uni-Q Group» медиа-холдингінің бас атқарушы директоры:
- Мобильді қосымшада мемлекеттік тілде түсірілген және аударылған контент көп. Бұл басты артықшылығы. Жылына толықметражды 4 көркем фильмнен түсіруді жоспарлап отырмыз. Жалпы «Unico Play» еліміздегі алғашқы отандық онлайн-кинотеатр саналады. Осы күнге дейін азаматтар пайдаланып келген сервистердің негізі шет мемлекеттерде қаланған.
Unico Play – қазақ тарихын бүкіл әлемге жеткізу үшін жасалған алғашқы тұғырнама. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі интерфейсті, 4K форматында көруді, офлайн қолжетімділікті, жазылымды бірден бес құрылғыда пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Жекелендірілген AI негізіндегі ұсыныстарды және авторлық құқықты интеллектуалды қорғауға да қауқарлы.
Дияс Досмұханбет, «Unico play» онлайн-кинотеатрының бас атқарушы директоры:
- Біздің ең үлкен мақсатымыз болған. Ол — Қазақстанда қазақ контентін дамыту. Сондықтан бізде әрбір контенттің қазақша локализациясы бар. 10 мың сағаттың бәрі қазақ тілінде. Ол дубляж, войсовер болуы мүмкін және субтитр да бар.
Биыл көзі қырақты көрермен 6 түпнұсқа сериал көре алады, тағы 23-і түсіріліп жатыр. Кітапханада қазақ тіліндегі әлемдік премьералар, түрік және кәріс телехикаялары, отандық киноның алтын қоры, 100-ден астам телеарна, спорттық хабарлар және балаларға арналған төл контенттің ең үлкен жинағы бар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев, Ернар Нысанбай