Абай облысында балалар шығармашылығын дамытуға арналған Damu Bala платформасы арқылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында "SAMGAU өнер&спорт мектебі" ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдаланып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған мәліметтер ұсынғаны анықталған.

"Осы есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге қаржы бөлініп отырған. Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенін білмеген. Мәселен бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген", — деп жазылған хабарламада.

Мемлекетке келтірілген 23 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелген. Сот үкімімен күдікті кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget