2029 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімі екі есе артуы тиіс. Ол үшін жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құруға мүмкіндік беретін басым бағыттар айқындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Жиында Президенттің Жолдауда айқындаған міндеттері пысықталды.
Әлішер Әли, тілші:
- Экономикадағы негізгі салаларды қолдау әрі әртараптандыру нәтижесінде жалпы ішкі өнім өсімі 7 айда 6,3%-ке көбейді. Енді оны 2029 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті тұр. Мұны бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Серік Жұманғарин жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құруға болатын автомобиль және теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Аталған салаларда еңбек өнімділігі деңгейі дүниежүзінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өнімділіктің орташа деңгейінен едәуір асады және тиісінше экономиканың өсуіне ықпал етеді. Осы өлшемшарттарды ескере отырып, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп, нарықты нақты түсінумен, инвестиция қажеттіліктерімен, жобалардың болжамды географиялық орналасуына қарай жобалар тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Жиында баяндалған тағы бір мәселе – Цифрлық кодекс. Ол қазір Мәжіліс қабырғасында қаралып жатыр. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, кодексті пысықтау Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізілуде. Жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub сайтында жарияланады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Құжат Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданатын болады. «Alatau City» цифрлық қаласы бойынша жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, Smart City архитектурасы әзірленеді, сондай-ақ оның экожүйесінде криптовалютаны пайдалану үшін қажетті НҚА дайындалады.
Елде «ЖИ-қозғалыс» бастамасын іске асыру жалғасып жатыр. Бес жыл ішінде елдің 1 миллион азаматы жасанды интеллект дағдыларын үйренетін болады. Сондай-ақ шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды күшейту үшін 2026 жылы 50 өткізу пункті ұялы байланыспен қамтылады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының шеңберінде: олардың ішінде 38-іне талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу; барлық пункттерді Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қосу; сондай-ақ бақылау камераларын пункттерден Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына шығаруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар спутниктік интернетті қоса алғанда, қоғамдық WiFi нүктелерін орналастыру жоспарлануда.
Үкіметте Алатау қаласының құқықтық мәртебесі пысықталды. Президенттің Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған жиында Олжас Бектенов Алатау қаласы мен оның ерекше мәртебесіне айрықша назар аударды. Премьер-министр жауаптыларға үш ай ішінде қаланың құқықтық режиміне және оны басқаруға қатысты заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Цифрлық даму министрлігі бір ай мерзімде үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ақылды қалалар» тұжырымдамасын кеңінен тарату бойынша іс-шараларды әзірлесін.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар әзірленеді. Ондағы әрбір тармақ бойынша нақты жауапты тұлға мен түпкі нәтижесі бекітіліп көрсетілуге тиіс. Бүгінгі келелі кеңесте Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеп, келесі отырыста ұсынуды тапсырды. Жоспардағы межелерге мониторинг жүргізу үшін интеллектуалды цифрлық құралдар мен тетіктерді қолдану қажет.
Авторы: Әлішер Әли