Мемлекет басшысы Жолдауында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керектігін де айтты. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласына арнайы технологиялар енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл міндет қазірдің өзінде іске асып келеді. Оңтүстік шаруалары соңғы жылдары жаңа технологияға ден қоя бастады, деп хабарлайды 24kz.
Биыл Түркістан облысында 59 мың гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. «Бұл біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, өнімділікті арттырады», — дейді мамандар.
Отырарлық шаруа жылда ағынсудан тапшылық көретінін айтады. Биыл мамандардың кеңесіне құлақ асып, 180 гектар мақта алқабына тамшылатып суару жүйесін енгізген. Жері сазды топырақ болғандықтан, бұрын гектарынан 25 центнерден өнім алып жүрген диқан биыл жаңа технологияның көмегімен өнімділікті 3 есеге дейін артырмақ ниетте. Науқан басталғанда ақ алтынның әр гектарынан 60 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр.
Сержан Тастанбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мынандай жерде, қиын жағдайда мақтаны өсіріп, осылай жайқалтып қою деген өте үлкен еңбек. Келесі жылдан бастап барша шаруалар осы жаңа технологияларға өтуі керек, міндеттіміз. Біріншіден, жерді тиімді пайдалансақ, екіншіден, өнімді арттыру. Үшіншіден, суды үнемдеу.
Биыл өңір шаруалары 44 мың гектарға тамшылатып, 15 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізді. Оның ішінде 32 мың гектары бұрын мүлде игерілмей сор басып, бос жатқан жер болатын. Осылайша, облыста жалпы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 114 мың гектарға жетіп, суармалы алқаптардың 20%-ін қамтыды.
Елдегі су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысының алдына су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылған.
Дәулетияр Алшынбай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, су ресурстары бөлімі басшысының м.а.:
- Осы тұжырымдамаға сай ағымдағы жылы су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 82 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығыстарды 80%-ке дейін субцидиялау қарастырылған. Бүгінгі күні жергілікті бюджет есебінен 6,9 млрд теңге қаржы қаралып отыр.
Ағын судың 70%-і көрші елден алатын Түркістан облысының шаруалары су үнемдеу технологиясына көшудің маңыздылығын түсіне бастады. Осының нәтижесінде өңірде су үнемдейтін техника шығаратын кәсіпорын құрылды.Мұнда жылына 184 мың шақырым тамшылатып суару құбырлары шығарылады.
Досхан Лесов, коммуналдық кәсіпорын басшысы:
- Тамшылатып суару технологиясы толықтай өзімізде шығарылады. Оның ішінде фитингтер, магистральдық құбырлар, фивиси шлаг, лайфреттер, немитрлердің барлығы өзімізден шығады. Біз жалпы 3360 шаруаға 106 мың гектар суармалы жерді қамтамасыз ету үшін толықтай су үнемдеу технологиясын ендіруді қолға алып жатырмыз.
Бұдан бөлек, былтыр өңірде су үнемдеу құрылғыларын шығаратын 3 зауыт ашылды. Жобалық құны 12 млрд теңге болатын кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтиды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен Түркістан облысымен қатар көршілес аймақтарды да су үнемдеу технологиясымен қамтуға мүмкіндік тумақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов