Қазақстан Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, елімізде шетелдіктер жасаған құқықбұзушылықтардан түсуі тиіс айыппұлдардың едәуір бөлігі бюджетке қайтарылмай қалып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Депутаттың сөзінше, 2025 жылдың өзінде Қазақстан аумағында уақытша жүрген және еңбек етіп жатқан шетелдік азаматтар 45 мың құқықбұзушылық жасаған. Оның негізінде 21 мың әкімшілік іс қозғалып, 800 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда сол айыппұлдардың бір бөлігі мемлекет қазынасына жетпей жатыр.

«2024 жылы 176 млн теңге, ал 2025 жылы 280 млн теңге айыппұл өндірілмей қалған. Яғни миллиондаған теңге ел қазынасына қайтарылмай отыр», – деді Смолякова.

Депутат мәселенің бірнеше жүйелі олқылықтарға байланысты екенін атап өтті: 1. Шетелдік азаматтар әкімшілік құқықбұзушылық жасайды. 2. Айыппұлды төлеместен Қазақстаннан шығып кете береді. 3. Бір жылдан соң айыппұлдың заңды күші жойылады. 4. Сол азаматтар еш кедергісіз қайта елге оралып, тағы да құқықбұзушылық жасай береді.

«Мемлекет жыл сайын жүздеген миллионнан айырылады. Бұл – еліміздің құқықтық жүйесін айналып өтудің ашық жолына айналып кеткен», – деді Мәжіліс депутаты.

Сарапшылардың пікірінше, айыппұлды өндіріп алу механизмін күшейтпейінше, мұндай жағдай қайталана береді. Ал әлеуметтік желі қолданушылары мұны «Қазақстандағы ең осал заңнамалық олқылықтардың бірі» деп бағалап отыр.