Қазақстан мен Иордания агробизнесті дамытып, медициналық салада сапалы байланыс орнатуға мүдделі.
Бұл туралы бизнес форумда мәлім болды. Сондай-ақ еліміз Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі рөлін бекіте түспек. Бұндай батыл бастамаларға сенімді серіктес керек. Иордания сондай ел. Қасым-Жомарт Тоқаев лебізін осылай білдірді.
Берекелі бизнеске бірлік қана кепіл. Егер арада бәтуалы бітім болса, алыстан арбалап, алыс-берістің көркін кіргізуге кедергі жоқ. Қазақстан-Иордания бизнес-форумының көздегені осы. Үкіметаралық комиссия енді екіжақты қатынасты кеңейтуге күш салады. Ал елдің аймақтағы экономикалық көрсеткіші айқын. Ең ірісі, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз.
Қазақстан – Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі ролін бекіте түседі. Бұған негіз бар. Елден 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. 5 темір жол және 7 көлік жолы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз.
Тараптардың агробизнес саласындағы әлеуеті мол. Себебі бізді азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша 6-орында. Ал дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын 8 млн тоннадан аса бидай мен 2 млн тоннаға жуық ұнды жаһандық нарыққа жеткіземіз. Осы ретте Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамти алады. Олар болса құс фабрикасын салуға бекініп отыр. Сондай-ақ Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз.
Сауда-саттық жасау үшін де сенім керек. Ал сенім сеңгір тауды да қозғайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кеше маған Өзіңізді досым, тіпті, бауырым деп атауға келісім бердіңіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі артықшылық. Қымбатты бауырым, Сіздің арқаңызда Иордания бізге етене жақын елге айналды. Халықтарымыз мәңгіге дос, бауырлас әрі сенімді серіктес болып қалатынына нық сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалланы елорда әуежайынан шығарып салды. Арада өзара бәтуа қалды.
Нысаналы Ығыл