Конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, демократиялық институттарды нығайтты.

Бұл жайында бүгін Ата-заңның 30 жылдығына арналған «Мықты мемлекет, еркін қоғам, жауапты азамат» атты сараптамалық кездесу барысында айтылды. Жиында бас қосқан сарапшылар басты құжатқа енгізілген реформалардың ел дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, ойларын ортаға салды. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституция ел Тәуелсіздігін нығайтуда және демократиялық мемлекет құруда басты рөл атқарғанын атап өтті. Оның сөзінше, Ата-заңда бекітілген әділдік, заң үстемдігі, тең мүмкіндіктер сияқты қағидалар Қазақстанның дамуына жол ашады. Кездесу соңында қатысушылар ортақ қаулы қабылдап, Ата-заңды дамыту жолдарын бірге айқындау қажет деген тұжырымға келді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Парламенттік реформалар енгізілді. Қазір қарасаңыз 6 партия біздің Парламентте бар. Бұндай Қазақстанның жаңа тарихында болмаған дүние.

Конституциямыз өткен тәжірибені жинаған құжат емес. Ол болашаққа деген бағдары бар құжат. Сондықтан бүгінгі жиынға осы бағдарды талқылау үшін, қаншалықты осы бағдарға біздің партиямыз үлесін қоса алатынын талқылау үшін және өзекті мәселелерді көтеру үшін жиналып отырмыз.

Cерік Сыдықов, ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары:

- Реформаны аяқталған деп айтуға болмайды. Реформа – үздіксіз құбылыс. Қоғамның дамуына байланыста, мемлекеттік экономикалық, саяси, басқа да жағдайларына байланысты үнемі өзгерістер болып тұрады. Сондықтан осы пікірлердің бәрін ортаға салып, жақсы нәтижелер болса сонымен бөлісетін ойымыз бар.