Көне Тараз көркейіп келеді . Шаһардың сәулетін бірыңғай үлгіге келтіру үшін тұрғын үйлер жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті билік қала орталығындағы көпқабатты 15 үйді жаңғыртуды қолға алды. Былтыр басталған жұмыс келесі жылы да жалғасады.

Тараздың орталығындағы көпқабатты үйлер өткен ғасырдың орта тұсында салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмей, әбден ескірген. Абай көшесіндегі 128-ші үй тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасымен толық жөнделіп, келбеті адам танымастай өзгеріп жатыр.

Гүлмира Күмісбекова, қала тұрғыны:

- Бұл үйлердің тозығы жеткен үйлер еді ғой. Мына 5-қабатта тұратын кісілер шатырларынан су ағып, келеңсіз жағдайларға түскен болатын. Соны бәріміз қосылып, өзіміз жасатқан болатынбыз. Өзіміздің қаражатқа. Үйдің алды да, сырты да өте тозығы жеткен етін. Ал қазіргі істеп жатқан жөндеу жұмыстары өте тамаша. Қазір қуанып жатырмыз. Өте тамаша, өте әдемі болып жатыр.

Қала келбетін бірыңғай сәулетке келтіру жобасы былтыр басталды. Ол кезде 11 көпқабатты үйдің сырты замануи үлгіде қапталып, шатыры жаңартылды. Биыл қала бюджетінен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Қаражатқа орталықтағы Абай, Қазыбек би, Әйтеке би көшелеріндегі 15 үй жаңғыртылып жатыр. Құрылыс жұмыстары 3 ай бұрын басталды. Қазір 4 үйдегі жөндеу жұмыстары 90%-ке аяқталған.

Нұржан Нұралиев, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Екі материалмен жасақталып жатыр. Біреуі ФЦП, біразы клинкерлі кірпіш дейді. Сомен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл 30-40 жылға сапасы шыдас беретін материалдар. Заманауи материалдар. Сондықтан да бұл жерде бір ерекшелігі, тұрғындардан ешқандай қаражат өндірілмейді. Бұл қала әкімдігінің жыл басында жоспарланған өзінің бекітіп берген жоспары.

«Жоба келесі жылы да жалғасады», — дейді жауаптылар. 14 үйдің қасбеті мен шатыры ауыстырылса, 57 көпқабатты үй толықтай жаңғыртудан өтеді. Жалпы шаһардағы 1438 көппәтерлі тұрғын үйдің 614-і қайта жаңғыртуды қажет етеді.

Авторлары: Мерей Бает Елдар Байділдә