Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыс жалғасуда. Осы стратегия аясында елдің Қарулы күштері қызметтік мәліметтерді жіберу үшін отандық Aitu мессенджеріне кезең-кезеңмен көшуді бастайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған бұл шешім шетелдік платформаларды пайдаланған кездегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Отандық мессенджерге көшу – мемлекеттік құрылымдарда, оның ішінде қорғаныс саласында да қызметтік ақпаратты қорғау деңгейін арттыру бойынша негізгі қадамдардың бірі. Бұған дейін деректерді жіберу үшін көбінесе шетелдік мессенджерлер қолданылып келген. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікке белгілі бір қатер төндіруі мүмкін еді. Қазақстан юрисдикциясында орналасқан және деректерді сақтау мен өңдеу талаптарына толық сай келетін Aitu мессенджерін пайдалану ақпарат ағынын толық бақылауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Даурен Косанов ҚР Қарулы күштерінің барлық бөлімшелерін Aitu мессенджеріне кезең-кезеңмен көшіруді тапсырды.

Көшу процесі 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл ретте армияның ұйымдық-штаттық құрылымы мен қолданыстағы байланыс арналары ескеріледі. Мұндай тәсіл қызметтік процесті бұзбай, жүйелі әрі біртіндеп интеграцияны қамтамасыз етеді.

– Ұлттық IT-өнімдерді қолдану – цифрлық кеңістіктегі дербестікті қорғауға бағытталған жаһандық үрдіс. Қарулы күштердің Aitu мессенджеріне көшуі қызметтік деректердің сыртқа таралуын болдырмай, қызметтік мақсаттағы ақпаратты тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев.

Жаңа мессенджер кең ауқымды міндеттерді шешу үшін қолданылатын болады. Оның ішінде жедел ақпарат алмасудан бастап, жиналыстар өткізу мен іс-қимылдарды үйлестіру шаралары да бар. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, ішкі коммуникацияны да оңтайландыруға мүмкіндік береді.