17 тамызда Ақмола облысында Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы ұшағы құлап, төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, ұшақ жалпы авиация аясында ұшып шыққан. Өрт болған жоқ. Апаттың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, Көлік оқиғаларын тергеу департаментінің мамандары оқиға орнына жіберілді.

Сонымен қатар, Полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеуді бастады. Бұл бап көлік қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзудың салдарынан екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты қолданылады.

"Ұшқыш пен жолаушы қаза тапты. Апаттың нақты себебі тергеу барысында белгілі болады", – деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігінің басшылығының бақылауымен көлік полициясы департаменті мен Ақмола облыстық полициясы қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

"Қазір оқиға орнында шұғыл тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелуі ІІМ басшылығының ерекше бақылауында", – делінген ресми хабарламада.

Анықтама үшін: Aerostar R40F – Румынияда жасалған екі орынды оқу-жаттығу және спорттық ұшақ. Жеңіл әуе кемелеріне жатады. Төменгі қанатты, алюминий корпусы бар, үш дөңгелекті тіреуіш қондырғысы алынбайды. Шамамен 100 жылқы күші бар Rotax қозғалтқышымен жабдықталған. Негізінен оқу-жаттығу және әуесқойлық мақсаттағы ұшуларға пайдаланылады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget