Қызылорда облысында суармалы су тапшы . Қазір өңірде 324 су айдау құрылғысы арқылы егін алқаптары тіршілік нәрімен қамтылады, деп хабарлайды 24kz.

Шаруашылықтар суды арнайы кезекпен алуға мәжбүр. Ала жаздағы еңбекті еш кетірмеу үшін қандай шаралар қолға алынды?

Нұрлан Жақыпбек, тілші:

- Шіркейлі ауылындағы шаруашылық биыл 1680 гектер жерге күріш еккен. Алайда су тапшы болып, дақылдың бір бөлігі кеш жетіліп жатыр. Мамандар қашыртқыдағы суды қайта пайдалануға мәжбүр.

Ғалымжан Сәрсенәлиев, агроном:

- Кенже күріштер бар ғой. Суды әзір байлай алмаймыз. Әлі де су алып жатырмыз ғой. Пісіп қалады, жобаға келіп қалады деп отырмыз. Төрт бригада бар. Әр бригадада қазір 3-4 мотор бар. Сонымен су айдап, кейбір кішкентай моторлар бар. Беларусьтің атына жегіледі. Оны атызға айдаймыз бірден. Сөйтіп, толтырып жатырмыз қазір. Осы кезде судан қатты тапшылық бар.

Нұрлан Жақыпбек, тілші:

- «Өзен деңгейінің төмендеуінен өңірде суармалы су тапшылығы сезіліп отыр», — дейді мамандар. Сондықтан шаруашылықтар 324 су айдау құрылғысын іске қосқан. Сонымен қатар егін алқаптары кезектесіп суарылуда.

Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар министрлігінен де шаруашылықтарға көмек беріліп жатыр. Олар жылжымалы су айдау құрылғылары арқылы егіндікті тіршілік нәрімен қамтуға атсалысып жүр.

Сейітқасым Әбуов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар Қызылорда облысына 53 дана насос қондырғысын алып беру жөнінде келісімшарт жасалды. Қазір сол насостар келіп жатыр біртіндеп. Биыл егілген 80900 гектар күріштіктен 30 мыңға жуық гектарына су тарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Шарадара су қоймасынан 150 текше метр су жіберсе, осы су тамыз айының 20-ына дейін жалғастырады. Бұдан әрі қарай жіберілетін су көлемі Шардара су қоймасынан келген судың көлеміне байланысты әзірленеді.

Биыл облыс бойынша егінге 3,9 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Қазір оның 3,3 текше метрі алынған. «Қалған бөлігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр», — дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев