Қызылорда облысындағы Қамбаш көліне биыл мол су келді.

Бұған дейін 500 метрге дейін тартылған көл қазір толып отыр. Сарапшылар көл деңгейін тұрақтандыру үшін арнайы су реттейтін нысандар салу керек дейді. Бұл шаралар «Сырдарияның арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңі аясында жүзеге асырылады.

Биыл қыста Қамбашқа мол су келіп, жағалауға дейін жетті. Бұл соңғы төрт жылда алғаш рет тіркелген құбылыс. Алдында су 500 метрге дейін шегініп кетті. Қазір көл маңындағы тіршілік қайта жанданып келеді.

Алтынбек Балмырзаев, Қамыстыбас ауылының тұрғыны:

- Бұрын-соңды келмеген су келді. Жағаға дейін келіп тұр. Су келгеннен кейін бәрі жаңарып жатыр ғой. Су да жаңарып жатыр, жаға да шашылмайды бұрынғыдай су келіп тұрғасын. Ортада арақашықтық жоқ.

Көлдің жағдайына тек жергілікті тұрғындар емес, халықаралық сарапшылар да назар аударып отыр. Германиялық эколог Барбара Монделик қазақстандық мамандармен Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды зерттеуді қолға алған. Оның айтуынша, Қамбаш көлін сақтау үшін нақты шаралар қабылдау қажет.

Барбара Монделик, эколог /Германия/:

- Қамбаш көлін сақтау үшін су деңгейін тұрақтандыру маңызды. Бөгет пен су тоспасына қатысты мәселелерді шешу керек. Көлдің ластануына қарсы шаралар қабылдау да бірінші кезекте тұрған шаруа. Сонымен қатар қоқыс мәселесін де жергілікті деңгейде шешу қажет.

Қыста Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне Сырдария арқылы көп мөлшерде су түскенімен өзен деңгейі қайта төмендеген. Бұл туралы сарапшылар айтып отыр.

Зауалхан Ермаханов, балық шаруашылығы саласының ардагері:

- Жақын уақытта каналдардың шлюздерінің бәрі жабылады да су тұрақтанады. Егер Аманөткелден тұрақты платина салсақ, Қамбаш көлдер жүйесіне қажетті суды аламыз да қалған суды үлкен теңізге жіберіп отырамыз. Сол кезде теңізге көп мөлшерде су кетеді.

Бұл гидронысандарды «Сырдарияның арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңі аясында салу жоспарланған. Оған Дүниежүзілік банктен қаржы бөлінбек. Әзірге жобаның нақты қашан жүзеге асырылатыны белгісіз.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев