Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.


Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов энергия өндіруші ұйымдардың "ҚазТрансГаз-Аймақ" алдындағы берешегі 37,7 млрд теңге болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып есептеледі. Энергия өндіруші ұйымдардың "ҚазТрансГаз-Аймақ" акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 37,7 млрд теңге болды", – деді вице-министр Үкімет отырысында.

Сұңғат Есімханов алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде электр станцияларында бекітілген кестеге сәйкес осы жылы 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын атап өтті. 4 энергоблокта, 18 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде. 1 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

"Электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 384 млрд теңге деңгейінде жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 9%-ға жоғары. Электр желілерінде 1,2 мың км электр беру желісі, 54 қосалқы станция жөнделді. Жылу желілері бойынша реконструкциялау және жөндеу жоспары 377 км құрайды. Жұмыстар гидравликалық және температуралық сынақтар аяқталғаннан кейін басталып жатыр", – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, бұған дейін елдегі 5 ЖЭО жыл соңына дейін "қызыл" аймақтан шығарылатынын жазғанбыз.