Димаш Құдайбергеннің Алматыда өткен D & Dears атты кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келді, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстанның Халық әртісі туған күніне орай өзінің сүйікті тыңдармандарымен емен-жарқын сұқбат құрды. Ол 4 сағатқа жуық жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді. Шығармашылық кеште жезтаңдай әнші бұрынғы хит әндермен қоса, жаңа композициясын орындады. Сонымен қатар қазақстандық өнер жұлдыздары Димашқа қолдау білдіріп, оның репертуарындағы әндерді шырқады. Ал, бүгіннен бастап Димаштың «Stranger» шоуы кинотеатрларда көрсетіле бастайды.

Димаштың кездесуіне билеттер екі күнде-ақ сатылып кеткен. Шығармашылық кешке 10 мыңға тарта адам жиналды. Олардың көбі фан-клубтың мүшелері. 40-тан астам елден келген. Димаштың жанкүйерлері жыл сайын туған күніне орай кездесу өткізетінін жақсы біледі. Былтыр мұндай ауқымды шара Стамбулда өткен еді. Көпшілік оны биыл да асыға күткен. Жанкүйерлері Димашты қайда болса да, іздеп барады.

Гүлжанат, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен өзім 2017 жылдан бері Димаштың концерті қайда болады, сол жерге барып жүремін. Фан-клубтар бар бізде. Қолдау көрсетеміз. Көп достарымыз келіп жатыр. Швейцариядан, Америкадан. Жаңа Зеландия, Ыстамбұлдан. Біздің үстіміздегідей, мынадай футболка киген адам болса, оны өзіміздің туысқанымыздай қарсы алып, бірге жүре береміз.

Ал, Сьюзан Суитман Жаңа Зеландиядан келді. Мұндай кездесулерден қалған емес. Бұл жолы шараның әншінің туған жерінде өтіп жатқанына қуанышты. «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды», - дейді.

Сьюзан Суитман, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері (Жаңа Зеландия):

- Мен Stranger бағдарламасын көрген соң Димаштың фанаты болдым. Содан бері концерттері мен кездесулерді жібермеуге тырысамын. Сөйтіп, жарты әлемді аралап шықтым. Ал, Димаш өзінің Отанында концерт өткізсе, тіптен керемет. Ол ән әлемінің ханзадасы. Мен оның дауысына тәнтімін. Тыңдаудан жалықпаймын.

Кеште Димаш Құдайберген жуырда бейнебаян түсірген «Тау ішінде» әнін орындап, көпшілікті тағы бір мәрте тәнті етті. Оған қоса, «Лебеди», «Дүрдараз» сияқты бұрыннан айтып жүрген шығармаларын тарту етті.

Сейма Сюеда, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері (Түркия):

- Мен Түркиядан келдім. Осындай кездесулер жанкүйерлерді бір-біріне жақындата түседі. Себебі, біз бәріміз Димашты жақсы көреміз. Ол туралы сағаттап айтуға бармыз. Оның өнерін сыйлаймыз.

Қазір Димашты насихаттайтын фан-қауымдастықтар әлемнің көптеген елінде құрылған. Жанкүйерлерінің қатарында үлкен-кіші бірдей бар. Бәрі оның музыкасын тыңдап, әндерін орындап жүргені белгілі. Тіпті Димаш үшін қазақ тілін меңгергендері қаншама?!

Димаш Құдайберген осы кездесуге әлеуметтік желіде жарқ ете қалған атыраулық 14 жасар дзюдошы Иса Бекболатты шақыртып, оған қолдау білдірді. Бозбала Иса бұл жолы Ақан Серінің «Балқадишасын» татамиде достарының алдында емес, мыңдаған тыңдарман жиналған үлкен сахнада шырқады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев