Қазір құстардың күзгі көші басталды .

Миллиардтаған құс қыстау үшін қара құрлықтағы Африкаға бет алды. Олардың біразы Орталық Азияны кесіп өтіп, Түркия аумағында аялдайды.

Ал көктемде ұя салатын аймақтарына қайта оралады. Бұлжылына екі рет қайталанатын табиғи процесс. Қос қанаттылардың көшу жолы мен стратегиясы әр түрлі. Бірақ не себепті Түркияны таңдайды?

Құстар неліктен тіршілік ету үшін Анадолыны таңдайды? Өйткені аймақтың біраз бөлігі нулы, сулы, қамысты, шөлді және шөлейтті. Құсқа жайлының бәрі бар. Бұл қанаттылардың табиғи ортасы үшін өте қолайлы.

Ал географиялық жағынан Түркиядан әлдеқайда үлкен Қазақстанда құстардың таралу аймағы әралуан. Әлемдегі 11 мыңға жуық құс түрінің 500-ден астамы Қазақстанда кездеседі. Оның 400-дейі осы өлкеде ұя салады. Бұл елдің экологиялық жағдайы мен географиялық орналасуы құстар көші тұрғысынан ерекше маңызға ие, дейді орнитолог ғалым Арзу Гүрсой.

Арзу Гүрсой, Анкара Университетінің оқытушысы, орнитолог:

- Көшу кезеңінде миллиондаған құс Қазақстан, Түркия және екі ел арасындағы аймақтардың үстімен өтеді. Бұл қанаттылардың кей түрі Қазақстанда ұя салады. Мысалы, бозқыр жыртқышы, сүрмелі қыз құсы, дуадақ, қара қанатты батпақ қарлығашы. Осы құстардың кейбірі жойылып кету қаупінде тұр. Сүрмелі қыз құсының әлем бойынша шамамен 6 мыңдайы ғана қалған.

Олардың көбі көктемде Қазақстанда ұя салып, күз келгенде көшу үдерісін бастайды. Сөйтіп, Каспий теңізін кесіп өтіп, Ресей, Грузия, Армения, Әзербайжан арқылы Түркияға жетеді. Анадолы жерінде аялдап, кейін Сирия мен Иорданияның үстімен Сомалиге бағыт алады. Қазақстаннан басталған құстар көші Африкаға дейін 25 мың шақырымды ұшып өтеді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл үдеріс кейінгі жылдары өзгеріске ұшыраған. Климаттың өзгеруі себепті құстардың көшу дағдысы мерзімінен ерте басталып, өз уақытынан кеш аяқталады.

Арзу Гүрсой, Анкара Университетінің оқытушысы, орнитолог:

- Климат өзгерісі құстардың көші-қонына, тіпті кейбір түрлердің көлемі мен дене бітіміне де әсер етіп жатыр. Бұрын кішігірім болған құстар үлкейіп, үлкен болған түрлер кішірейіп келе жатқан жағдайлар да байқалады.

Сарапшылардың айтуынша, қазір күзгі көш әлі жалғасып жатыр. Құстардың бір бөлігі Қазақстаннан қалықтап шығып, көшу жолындағы аялдамаларына жеткен. Көп ұзамай Түркиядағы құстар да Африкаға жетіп, олардың көшу үдерісі аяқталады. Ал Сібір мен Ресейдің суық өңірінен бағыт алған қанаттылар керісінше, оңтүстікке Қазақстан мен Түркияға келіп жатыр.

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков