Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым азаматтар ғана емес, салада жүрген мамандар да осы жүйенің құрбаны.

Журналист әрі тележүргізуші Айгүл Мүкей денсаулық саласындағы қордаланып қалған мәселелерді көтерді. Ол халықтың атынан сөйлеп, күнделікті өмірде қарапайым, еш статусы жоқ адамның кездесетін қиындықтарын ашық айтып, министрді өткір сынға алды. Аталмыш видео оның әлеуметтік парақшасында жарияланып, қоғамда қызу талқылана бастады. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.

Журналистің айтуынша, шенеуніктердің баратын клиникалары бөлек. Ол жерде бәрі дұрыс, яғни, олардың өз «контингенті» бар. Ал еш статусы жоқ халықтың жағдайы ешкімді алаңдатып отырған жоқ.

«Министрдің қымбат туфлиін талқылағым келмейді. Мен басқа сұрақ қойғым келеді. Неге сіз ауруханаларға үлкен делегациямен барасыз? Сіздің жағдайыңызда, жалғыз, инкогнито түрде барып, ол жерде не болып жатқанын, қалай жұмыс істейтінін өз көзіңізбен көру дұрыс деп ойламайсыз ба?» — деді Мүкей.

Мүкейдің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен DamuMed жүйесіндегі проблемаларды бүкіл ел біледі. Алайда мәселе тек онда емес. Денсаулық жүйесі дұрыс емес. Тіпті қарапайым терапевтке жазылудың өзі мүмкін емес. Бұл Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда ғана емес, елдің кез келген өңірінде кездесетін тұрақты мәселе. Халық медицинаға қол жеткізе алмай қиналып жүр.

«Эндокринологқа бару үшін алдымен терапевтке жазылу керек. Оны екі апта күтесің, сосын тағы күтесің. Бұл бітпейтін тұйық шеңбер. Ал гинекологқа бару үшін міндетті түрде жүкті болу керек, басқа дәрігерге өліп жатсаң ғана жетесің. Сұмдық», — деп атап өтті ол.

Осыған байланысты қазақстандықтар таныс дәрігерлерді іздеуге немесе ақылы клиникаларға жүгінуге мәжбүр, өйткені жазылу жүйесі мүлде жұмыс істемейді.

«Бұл менің алғашқы үндеуім. Мен медицина саласындағы мәселелерді айтуды жалғастырамын, өйткені айқын нәрсеге көз жұма қарауға болмайды», — деді журналист.

Айгүл Мүкейдің бұл үндеуі халықтың көңілінен шықты. Бұл оқиға қоғамда кең талқыланып, көпшілік Денсаулық сақтау министрлігін «галочка үшін» жасалатын есептерге емес, қарапайым халықтың дауысына құлақ асуға шақырды.

Дәрігер Альбина Жақсыбаева журналистпен толық келісетінін жазып, басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

«Мен өзім дәрігермін және сізбен толықтай келісемін! Өз жұмысымды жақсы көрсем де, осы себептерден учаскелік терапевт қызметінен тар бейінді мамандыққа кеттім. Қағазбастылық, есептер, өз жұмысыңнан бөлек басқа дәрігерлердің де міндетін атқару, бірнеше учаскеге шақыртуларға бару сынды жүктеме ауыр. Әсіресе ауа райы нашарлағанда немесе иттер кездескенде нағыз сынаққа айналатын«.

Дәрігердің айтуынша, жаңадан енгізілген Face ID жүйесі жалған тіркеуді болдырмауға арналған жақсы құрал еді. Алайда, оның сапасы сын көтермейді.

«Камералары арзан, интернет жақсы болса бір жөн, ал егер жоқ болса ше? Үлкен қалада мүмкін бәрі жақсы шығар, ал шалғай аймақтарды елестетіп көріңіз. Растау болмаса, «Дамумед» ашылмайды, жазылу тоқтайды, бүкіл жұмыс тұрып қалады. Уақыт кетеді, науқастар күтеді, жүйкең жұқарады«.

Ол әлеуметтік теңсіздікке де тоқталды. Қалталы азаматтар үшін ешқандай қиындық жоқ, зардап шегетін — қарапайым халық.

«Иә, ақшасы барлар жекеменшік клиникаларға барады, ал ақшасы жоқтар, кешіріңіз, өліп қалса да бәрібір. Ал мүмкіндігі барлар өз клиникасын немесе жеке кабинетін ашып алады, немесе қосымша жұмыс іздейді. Сонда қарапайым мемлекеттік емханаларда кім қалады?».

Дәрігердің айтуынша, қарапайым азаматтар ғана емес, салада жүрген мамандар да осы жүйенің құрбаны.

«Біз бұл жүйеде жұмыс істеп қана қоймай, өзіміз де осы жүйеде емделеміз. Өзіміз үшін де, туғандарымыз үшін де таныс арқылы көмек сұраймыз. Тіпті қарапайым медициналық тексеруден өз қалтамыздан төлейміз. Гепатит В мен С талдауының өзі қазір 6–7 мың теңге тұрады. Меніңше, бізге бұл мемлекет есебінен төленуі тиіс, өйткені біз науқастардан жұқтыру қаупіне ұшыраймыз», — деп жазды дәрігер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aigul Mukei (@aigulmukei)