Вашингтондағы АҚШ-тың Сауда палатасында американдық инвесторлар мен бизнес өкілдеріне Қазақстанның экономикалық әлеуеті таныстырылды.
Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының күзгі сессиясы қарсаңында өткен дөңгелек үстелде Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ел экономикасының даму бағытына қатысты тың ақпаратты мәлім етті. Атап айтар болсақ, жалпы ішкі өнімнің өсуі, мемлекеттік қарыз, инвестиция жолдары, халықтың төлем қабілеті, өндіріс орындарының экспорттық мүмкіндіктері, логистика мен металлургия саласында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы баяндады. Сонымен қатар американдықтарды ынтымақтастықтың жаңа прагматикалық деңгейіне өтуге шақырып, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Тараптар Қазақстан-АҚШ арасындағы сауда айналымы былтыр 4 пайызға өсіп, 4 млрд доллардан асқанынын айтып, енді бұл мөлшерді арттыруға уағдаласты. Шараға қатысқан сарапшылар мен Chevron, ExxonMobil, Mastercard, General Electric, Pfizer, Honeywell, PepsiCo, John Deere сынды компания өкілдері көкейдегі сұрақтарына тікелей жауап алып, жоспарларын пысықтады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
- Біз Қазақстанның жаңа инвестициялық саясатын, сондай-ақ ұсынып отырған жобалық қаржыландыру тетіктеріне қатысты өз көзқарасымызды таныстырдық. Дамудың басым бағыттары ретінде химия өнеркәсібі, терең өңдеу, ауылшаруашылығы, металлургия мен жасанды интеллектті жетілдіру секілді салаларды атадық. Бұл ұсыныстар қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды. Американдық серіктестер Қазақстанды тек өз инвестицияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ел ретінде ғана емес, жалпы өңірдің тұрақтылығына жауапты сенімді әріптес ретінде көргісі келеді. Осы тұрғыда өте мазмұнды кездесу болды.
Джеффри Пайетт, дипломат, MCLARTY ASSOCIATES компаниясының энергетика және сирек минералдар бойынша атқарушы директоры:
- Мен Үкімет құрамында болған кезде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Президент Тоқаев әкімшілігімен тығыз жұмыс істедім. Бүгін Ұлттық экономика министрі мен Даму банкі төрағасының да нақты ұстанымын естіп, қуандым. Қазақстанның АҚШ-пен әріптестік орнатып, энергетикаға қажет барлық ресурстар мен минералдарға: кобальт, литий, никель, мырыш, мыс, сирек жер элементтеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етуді мақсат ететініне көзіміз жетті. Сонымен қатар мұның барлығын бір ғана жеткізушіге байланбай, әртараптанған бағытта жүзеге асыруда мүдделес екенімізді түсіндім.
Михеил Нибладзе, Cerberus Frontier атқарушы директоры:
- Қазақстанның АҚШ-қа жоғары деңгейдегі делегация жіберуі америкалық компаниялармен ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетеді. Бұл маңызды бастама, өйткені жеке секторда да, мемлекеттік деңгейде де байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік бар. Ендігі маңызды қадам – келісімдерді жүзеге асыру. Бұл кезең ең күрделі және аса зор ыждаһаттылықты қажет етеді. Тараптар бұған сақадай сай деп сенемін.