Спорт журналисі Аслан Каженов футболдан жастар құрамасының бапкері Денис Мамоновтан қызметінен кетуді талап етті.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Журналист Instagram парақшасында жариялаған жазбада Денис Мамонов жаттықтыратын жастар құрамасы кейінгі төрт ойында жеңілгенін жазған.

«Бапкер қызметінен кетсін!

Мына жақта ересектер құрамасы енді-енді бір жүйеге түсіп жатса, ана жақта жастарымыз шәйіп жатыр. Денис Мамонов баптайтын 21 жасқа дейінгі ұлттық құрама қатарынан төрт рет жеңілді. Яғни, қос мәрте Өзбекстан құрамасынан жолдастық кездесуде ұтылсақ, оған дейін Англия және Андорра командаларына ресми ойындарда есе жібердік. Басқа-басқа дәл Андоррадан жеңілгеніміз масқара. Ұяты бар бапкер болса, осыдан кейін өз еркімен қызметінен кетуі керек еді. Бірақ, әзірге ондай мәлімдеме естімедік. Екінші жағынан, неге екенін білмеймін, бәрі осы кісіден ығатын сияқты. Бетіне айтуға қорқады. Ендеше, мен айтайын. Денис, қазақ футболы сіздің жеке меншігіңіз емес. Әсіресе, ертең аға буынның ізін басатын резервтің обалына қалмаңыз! Қабілетті жігіттердің жолын байламаңыз! Команданы жеңілістермен қорламаңыз! Елімізде сізден басқа да тізгінді ұстай алатын маман жетеді. Сондықтан, өзіңізді де, жігіттерді де, оның артында қазақ жанкүйерлерін де қинамай кете қойыңыз. Жолыңыз болсын!»», — деп жазды Аслан Қаженов.

Журналистің бұл пікірімен желі қолданушылары мен футбол жанкүйерлері де бір ауыздан келісуде.

«Қолдаймыз», «Жәй кете салу оңай, жастардың не себепті төмен дәрежеде ойнағанына жауап берсін», «Ұяты жоқ екен мына бапкердің, төрт ойын қатарынан жеңілу деген не масқара», «Оның басы ауырмайды-ау, Қазақ құрамасын жауып тастаса да бәрібір», — деп жазды олар.