Назарбаев Университеті әлемдік рейтингте үздіктер қатарынан көрінді.
Times Higher Education World University рейтингінің 2026 жылғы тізімінде отандық оқу орны 23 пайыздық сатыға көтерілді. Университет бар-жоғы екі жыл ішінде 100 орынға алға жылжып, Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші жоғары оқу орнына айналды. Сондай-ақ ТМД елдері арасындағы көшбасшы университет мәртебесін де иеленді.
Осыдан 15 жыл бұрын негізі қаланған Назарбаев университеті бүгінде Орталық Азия мен Кавказдағы үздік университеттер көшін бастаған беделді оқу орны. Білім ордасы биыл тағы да топ жарып, 115 елдің ішінде үздік 500 жоғары оқу орны қатарына енді.
Вакар Ахмад, Nazarbayev University президенті:
«Университеттің құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бірақ соған қарамастан, үздік 500 университет тізіміне енуіміз бізді ғасырлар бойы қалыптасқан, әлем мойындаған университеттерімен бір қатарға тұруымызға мүмкіндік береді, аймақтағы жетекші зерттеу университеті мәртебемізді нығайта түседі және ТМД елдері арасында төртінші орынға шығарады.»
Отандық оқу ордасы ғылыми-зерттеу сапасын жақсартуда айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, әлемнің жетекші университеттерімен, ғылыми-зерттеу институттарымен және зертханаларымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың ішінде Питтсбург, Дьюк, Пенсильвания және Кембридж сынды жоғары оқу орындары бар.
Балғын Оразалы, Nazarbayev University студенті:
«Бұл жетістік Қазақстандағы білімнің халықаралық деңгейдегі сапаға сай екендігін көрсетеді. Яғни сапалы білім алу үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Ол біздің елімізде. Бірлескен жобалар, профессорларды шақыру, гранттар ұтып алу. Оның үлесі барлығы арта түседі».
Университетте қазір 8 мыңға жуық студент білім алуда. Рейтинг сатысында өрлеу студенттерге жаңа жобаларға жол ашып, диплом құндылығын халықаралық деңгейде арттыратыны сөзсіз.
Назым Кенжебай, Ғалымжан Абдылахат