Geo телеарнасының мәліметінше, Пәкістан Ауғанстанмен шекарада болған қақтығыстар нәтижесінде 19 шекаралық бекетті бақылауына алды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новостиға сілтеме жасап.

"Пәкістан шекара бойындағы ауғандардың 19 бекетін иемденді", — делінген хабарламада.

Телеарна мәліметінше, Ауғанстан бұл бекеттерді көрші ел аумағына шабуыл жасау үшін пайдаланған.

Сенбіде Ауғанстан Қорғаныс министрлігі Пәкістанға қарсы "кек алу операциясының" сәтті өткенін мәлімдеді.

БАҚ деректеріне қарағанда, бейсенбіде Пәкістанның дроны Кабулда пәкістандық тәліптердің жетекшісі Нур Вали Мехсуд отырған брондалған жол талғамайтын көлікке соққы жасаған. Сондай-ақ оның мұрагерлері де көлікте болғаны айтылады.

Бұдан бөлек, жұмаға қараған түні Пәкістан ӘӘК Ауғанстанның шығысындағы Пактика провинциясына әуе соққысы жасады.

Тәліптер өздерінің ел аумағына дрон ұшыру және әуе кеңістігін бұзу үшін пайдаланылған нысандарға, сондай-ақ кейде бейбіт тұрғындарға жасалатын шабуылдарда қолданылған объектілерге соққы бергенін хабарлады. Сондай-ақ соққылардың кейбірі Пәкістан аумағындағы "Ислам мемлекеті" ұйымымен байланысты нысандарға бағытталғаны айтылды.

Tolo News телеарнасының хабарлауынша, қақтығыстарда 12 пәкістандық әскери қаза тауып, кемінде екеуі жараланған. Сонымен қатар, Кандагар провинциясы маңында бес сарбаз тәліптерге берілген.

Ауғанстан ӘӘК жойғыштары Лахор қаласына да әуе соққысы жасағаны айтылды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қаланың шығыс бөлігінің кей аудандарында жарылыстар болып, бірқатар жерде өрт тұтанған.

Кабул өз аумағына жасалған шабуылдарды айыптап, оларды басқыншылық және егемендікті бұзу деп атады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget