Алып қалаларда 10 Gpon интернеті іске қосылды. Енді Астана, Алматы, Шымкент шаһарларының тұрғындары 10 есе жылдам әрі сенімді ғаламторды қолдана алады.
Бұл – кабелді байланыс түрі. Алда қалған аймақтардағы ағайын да жаһандық жаңалықтың игілігін көретін болады.
Бұған дейін біз бен сіз қолданып келе жатқан интернет секундына 1 гегабит жылдамдықты қызмет етіп келген еді. Енді ғаламтордың мүмкіншілігі 10 есеге ұлғайды. Бұл 10 Gpon технологиясы.
Бахтияр Ахмедов, Клиенттік жолдарды басқару қызметінің менеджері:
- Жалпы жоба 10 гегабит жылдамдықтағы интернет. Осы жылдың 19 маусымында жүзеге аса бастады. Бұл Астана, Шымкент, Алматы қалаларында қолжетімді болып отыр. Бұған дейін бұл 1 гегабит жылдамдық болатын. Ал дәл қазір көріп отырғандарыңыздай, 9,3 және 9,4 аралығында гегабит көрсетіп отыр. Бұрындары үлкен файлдарды 15-20 минутта жүктесек, дәл қазір оны бірнеше секундта жүктеп алу мүмкіндігі бар. Үлкен смарт қала үйлерінің жүзеге асуы үшін осындай үлкен жылдамдық керек деп ойлаймын. Әрине, сұраныс үлкен болып жатса, 1-2 жылдың ішінде республикамыздың басқа өңірлерінде іске қосу мақсаты бар.
Иә, бұл кабелді байланыстағы жұрт жете қоймаған жетістік. Қазір мұндай мүмкіншілік әлемнің бірнеше мемлекетінде ғана бар. Ал халықтың қолын жоғары жылдамдықты мобильді интернетке жеткізу үшін жауаптылар 5G технологиясының тарату аймағын кеңейтуге бейіл. Айталық, қазір 20 аймақта 2500 астам базалық станция интернет таратып тұр. Екі жылдың еншісінде бұл бағаналардың санын 3500-ге жеткізу жоспары бар. Меже орындалса, байланыс аумағы да, сапасы да артады.
5G — 2500 базалық станция
2027 жылы — 3500 базалық станция
Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы:
- 5G мобильдік жүйесі өзін оң жағынан көрсеткен өте жоғарғы технология десек болады. Жалпы ұлттық жобаға бізде 5G технологиясын дамыту республикалық маңызы бар үш қалада көзделген. Бұл Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыс орталықтарында. Жалпы 20 қалада.
Ал ауылдық аймақтар үшін жоғары жылдамдықты интернет тарту ісі әлі де өзекті. Жаһан жұрты жасанды интеллектің игілігін көріп отырғанда, біздегі кей бұқара ғаламтордың ғаламатынан қалыс қалып отыр.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрғали Мамырбаев