Бүгін Астана халықаралық әуежайында апатты жағдайдағы ұшақты қондыру және жолаушыларды эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өтті.
Әуежай құтқару қызметі 180 секунд ішінде оқиға орнына жетіп, өртті сөндіріп, зардап шеккендерге көмектесті. Оқу-жаттығуға 100-ден астам маман қатысып, арнайы штаб жұмыс істеді.
«Түркиядан ұшып келе жатқан ұшақ апатты жағдайда Астанаға қонды. Оның ішінде 154 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған. Әуе кемесінің алдыңғы шассиі ашылмай, қонғаннан кейін өрт шықты». Бүгін елорданың халықаралық әуежайы осындай сценарий бойынша оқу жаттығу жиынын өткізді. Мамандар апатты жағдайда әрекет ету алгоритмін пысықтады. Осы тұста оқиға орнына ең бірінші жететін — әуежайдың құтқару қызметі.
Сейтқали Жакенов, Ұшуларды өрттен-апаттан құтқаруды қамтамасыз ету қызметі бастығының орынбасары:
- Бізде нақты бір талап бар. Апатты жағдай болғанда біз 180 секундтың ішінде жетуіміз керек. Біздің ұжым ұшақтарды апаттан құтқару қызметін атқарады. Қалғандары 8 минутқа жетпей жиналу керек.
Әуе айлағына осы жағдай туралы хабарлама түскен сәттен бастап қызметкерлер мен құтқарушылар кідірместен өз міндетіне кірісті. Өртсөндірушілер ұшу жолағына ақ көбік шашып, әуе кемесін қарсы алды. Кейін жалындаған отты сөндіріп, зардап шеккендерді эвакуациялады. Оқыс оқиғаға қатысты арнайы штаб құрылып, түрлі сала қызметтерінің жұмысын үйлестірді.
Ерлан Айтжанов, Ұшуларды өрттен-апаттан құтқаруды қамтамасыз ету қызметінің бастығы:
- Авариялық құтқару қызметтерінің ережелері бойынша мұндай жаттығулар тоқсан сайын ұйымдастырылады. Әр оқу жаттығу жиынында әртүрлі сценарий болады. Соған сай әрекет етеміз. Бүгінгі оқу жаттығу жоспарға сай өтті.
Бұл дайындыққа барлығы 100 шақты адам мен 35 техника жұмылдырылды. Халықаралық талаптарға сай мұндай оқу-жаттығу жылына бір рет ұйымдастырылады. Шара соңында дайындыққа оң баға берілді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғалымжан Абдылахат