Әлемге танымал ирландиялық спортшы, UFC-дің бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор саясат сахнасына қадам басты. Ол өзінің Instagram парақшасында алдағы Ирландия президенттік сайлауына қатысуға ниетті екенін ресми түрде мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

«Ирландия азаматтары, нағыз өзгерістер уақыты келді! Президент ретінде мен заң жобасына бірінші халыққа ұсынылмайынша қол қоймаймын! Егер сіз менің атымды сайлау бюллетенінен көргіңіз келсе, бүгіннен бастап өз округіңіздегі депутаттарға хабарласып, менің кандидатурамды қолдауыңызды сұраймын», деп жазды Конор.

Естеріңізге сала кетейік, Ирландиядағы президенттік сайлау 2025 жылдың 11 қарашасында өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Майкл Хиггинс бұл қызметте 2011 жылдан бері отыр.

36 жастағы Конор Макгрегор Дублин қаласында туған. Ол ММА-дағы кәсіби мансабында 28 жекпе-жек өткізіп, 22 рет жеңіске жеткен. Әлемдік спорт тарихында алғаш рет UFC-дің екі түрлі салмақ дәрежесінде қатар чемпион атанған.