1 қыркүйек күні Hyundai Accent автокөлігінің иесі Атырау көпіріне шығып, жол ережесін өрескел бұзып, айналасына құрметсіздік танытқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция таратқан мәліметке сәйкес, ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») және 437-бабы («Қоғамдық орындарды ластау») бойынша жауапкершілікке тартылған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен жүргізуші 10 тәулікке қамауға алынған.
«Бұл сияқты әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, тәртіпті бұзады. Сондықтан елордада бұзақылық пен вандализмнің алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді», делінген хабарламада.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Астанада ұсақ бұзақылық пен вандализмге қатысты жүзден астам азамат әкімшілік жазаға тартылған.
Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында полиция прокуратурамен бірлесіп, вандализмнің алдын алуға ерекше назар аударып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзгенің мүлкін әдейі бүлдіру немесе жою әрекеті үшін 60 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.