Қазақстандықтардың Арменияға паспортсыз сапарлайтын күні жақын. Яғни, азаматтар бұл елге жеке куәлікпен емін-еркін кіре алатын мүмкіндік туады, деп хабарлайды 24kz.

Мәжілісте «Қос ел үкіметтерінің көші-қон саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы талқыланды. Құжат күшіне енсе тағы не өзгереді?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Армения мен Қазақстанның көші-қон саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім ратификацияланған кезде екі ел өзара ақпараттық жүйені бөліседі. Сөйтіп, әр азамат жайлы мәліметтерге қол жеткізеді. Осылайша, Армения мен Қазақстан азаматтығын қоса иеленгендерді анықтау жеңілдей түседі. Себебі Қазақстанда қос азаматтыққа заң жүзінде тыйым салынған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, әзірге осындай бір дерек анықталған. Екі ел паспортының иегері дереу Қазақстан азаматтығынан айырылып, елден бес жылға шеттетіліпті. Мәжіліс отырысы кезінде шетелдіктердің заң бұзып, әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мәселесі көтерілді. Депутат Екатерина Смоликованың дерегінше, биыл Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер 45 мың құқық бұзушылық жасаған. Оларға қатысты 24 мың әкімшілік іс қозғалып, 800 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Алайда, айыппұлдар толық өндірілмейтін көрінеді. Мәселен, былтыр 176 млн теңге, биыл 280 млн теңге бюджетке түспей қалған. Бұған себеп жауапкершіліктен ат тонын ала қашатын шетел азаматтарының лезде Қазақстан аумағынан шығып кетуі.

Екатерина Смоликова, ҚР Мәжілісінің депутаты:

- Бір жылдан кейін айыппұл мерзімінің өтуіне байланысты заңды күшін жояды. Сол азаматтар қайтадан еш кедергісіз елге қайта оралып, көбінесе ұқсас құқықбұзушылықтарды қайталайды. Ал мұның салдарынан мемлекет жүздеген млн теңгеден айырылады. Шетелдік азаматтардың жауаптан жалтару тетігі қалыптасады. Неге шетелдік азаматтардан айыппұлды өндірудің нақты механизмі енгізілмеген? Және әкімшілік жазадан жалтарғандықтан неге елге кіруге шектену қойылмаған?

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Осыны қадағалау үшін бірнеше жүйені осылай біріктіріп жатырмыз. Ол енді пилотный вариантпен жұмыс істеп кеттік біз, мынау шілде айынан бастап. Осыны кіргеннен бастап, қай жерде жүр, трудовой мигрант болсын, жай студент болсын, осының бәрін көретін боламыз. Мен ойлаймын бұл жұмысты күшейтеміз.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Армения мен Қазақстан арасындағы көші-қонды оңтайландыру, заңсыз көші-қонға тосқауыл қою, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылыққа жол бергендерді дереу анықтауды көздейтін заң жобасы Сенатқа жіберілді. Айта кетейік, қос ел арасында визасыз режим орнатылған. Екі елдің азаматтарының жарты жылда 90 күнге дейін қалуға мүмкіндігі бар. Жалпы жыл басынан бері Қазақстанға 12 мың Армения азаматы келген екен.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров