«Қазатомөнеркәсіп» өзі жұмыс істейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән береді. Ұлттық атом компаниясы биылғы жартыжылдықта ғана 12 мың тоннадан аса уран өндіріп, республикалық бюджетке 400 млрд теңгеден астам салық аударды. Бұл тұтас ел экономикасының дамуына оң ықпал етіп отырған ауқымды жұмыс.

21 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған Қазатомөнеркәсіптің негізгі қызмет бағыты – уран өндіру. Ұлттық компания сирек және сирек жер металдарын дамыту мен ғылыми-зерттеу қызметіне ерекше ден қояды.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ресурстық базаны кеңейту және тиімді пайдалану бойынша қарқынды жұмыс жүруде. Қазатомөнеркәсіп Түркістан облысында болжамды қоры 20 мың тоннадан асатын уран кен орындарын барлауға тағы бір лицензия алды. Сондай-ақ, Шу-Сарысу уран провинциясындағы 3 перспективті учаскеде геологиялық барлау басталды. Бұл жұмыстар тек Қазатомөнеркәсіпке тиесілі лицензиялар аясында жүргізілуде.

Компания халықаралық ынтымақтастықты дамытып, сату нарығын әртараптандырып келеді. Биыл Швейцарияның Axpo (Акспо) және Чехияның ČEZ (Чез) компанияларымен уран жеткізу туралы келісімшарт жасалды. Тағы бір жетістік – Қазатомөнеркәсіп «Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың» басқарушылар кеңесі құрамына сайланды.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

Компания әлеуметтік жауапкершілік танытып, өңірлерді дамытуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға баса мән береді. Біз отандық тауар өндірушілердің көлемін арттыру және оффтейк жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеміз. 2025 жылдың алғашқы жартысында жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асатын оффтейк келісімшарттар жасалды.

Қазатомөнеркәсіп Қазақстандағы ең тартымды үш жұмыс берушінің қатарына еніп, өз саласында бірінші орын иеленді. Компания әлемдік уран нарығында көшбасшылық орнын сақтай отырып, төмен көміртекті қауіпсіз энергияға көшуді көздейтін жаһандық қозғалысқа өз үлесін қосуда.

Азамат Бейбітұлы