Күні бұрын мемлекет басшысы ШЫҰ самитіне қатысты.
Онда 20-дан астам елдің басшылары мен 10 халықаралық ұйымның жетекшілері басқосты. Солардың бірі Түркия. Анкара кейінгі жылдары Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен байланысын тереңдете түсті. Энергетикадан бастап көлік дәлізі, мәдени ынтымақтастыққа дейінгі жобалар Түркияның көп векторлы саясатын айқындайды. Келешекте толыққанды мүшелікке өтуді де жоспарлап отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жаһандық сахнада Түркияның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен байланысы терең. Анкара 2012 жылы Астанада өткен саммитте ұйымның ресми диалогтық серіктесі мәртебесін алды. Араға жыл салып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл шешім саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтерді.
Түркия энергетика саласында ерекше белсенді. Өткен жылы елдің энергетика министрі Алпарслан Байрактар ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ трансұлттық электр торабы «мега-grid» жобасын ұсынды. Жоспарға сәйкес, Түркия алдағы он жылда күн мен желден 60 гигаваттқа дейін қуат өндіруді көздеп отыр. Бұл бастама аймақтық жасыл энергетикаға тың серпін береді.
Анкара көлік дәліздерін кеңейтуге де мүдделі. Түркия Еуразиядағы маңызды транзиттік торап ретінде ШЫҰ елдерімен сауда және логистика саласында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Мәдениет саласында да салмақты жобалар қолға алынған. Биыл көктемде Анталияда өткен Дипломатиялық форумда ұйымның бас хатшысы Түркияның мәдени бастамаларын жоғары бағалап, халықтар арасындағы сенім мен түсіністікті нығайтудың маңызын атап өтті.
Түркияның ШЫҰ-дағы белсенділігі батысқа бағдар алып, бірақ шығысты да назардан тыс қалдырмайтын көп векторлы сыртқы саясаттың айқын көрінісі. Ел Президенті Реджеп Тайып Ердоған да бұл ұстанымды бірнеше рет мәлімдеді. Анкара НАТО-дағы позициясын сақтай отырып, ШЫҰ-мен байланысын кеңейтуге мүдделі.
Түркия үшін ШЫҰ тек символдық алаң емес, нақты жобалар жүзеге асырылатын стратегиялық серіктеске айналды. Сондықтан Анкара диалогтық серіктестен толыққанды мүшелікке өтуге ұмтылып, халықаралық аренадағы өз орнын айқындай түсуді көздейді.
Әсия Нұрлыбаева