Ақмола облысында жыл басынан бері 200-ден астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды.
Экологиялық заң талаптарын бұзған 19 адам әкімшілік жазаға тартылды. Бір ғана Зеренді ауданында тазалыққа жауапты 12 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды. Тұрғындар көбінде құрылыс қалдығын кез-келген жерге төгеді, дейді жауаптылар. Жалпы өңірде қоқыс төгетін 130 орын болса, соның 24-і ғана заңдастырылған. Былтыр ғарыштық мониторинг арқылы 535 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 70 пайызы жойылды. Мамандар қоқыс алаңдарын жою жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтады.
Арыстанбек Тасқынбаев, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:
- Биылғы таңда ғарыштық түсірілімдер әлі де жалғасуда. Сондықтан заңсыз қоқыс үйінділерінің саны артуы мүмкін. Өйткені облыстағы 17 ауданнның 10 ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың болмауы себептен. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы заңсыз қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар басталды. Бірақ, дегенмен, тазалау жұмыстарының қарқыны өте баяу жүріп жатыр.