Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің ескертуіне қарамастан, танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова Instagram-да ұтыс ойындарын жалғастырып жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не болды?
25 тамызда Ерболат Жанәбілов Instagram-да 24 iPhone ойнатылатынын айтты. Бұл жолы блогер ұтыс ойыны тек оның курстарын сатып алған адамдар арасында өтетінін алдын ала ескертті.
Дау қалай өрбіді?
Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 көлік ойнатылатынын жариялаған болатын. Шарты қарапайым көрінген, репост жасау ғана. Алайда 21 тамызда оқырмандар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесін көрген. Конкурсқа тек курсты сатып алғаннан кейін қатысуға мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Бұл жұрт арасында наразылық тудырды.
Кейінірек ҚМА материалдарды басқа мемлекеттік органдарға тексеруге жіберді.
Туризм және спорт министрлігінің пікірі
Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі конкурсқа қатысты тексеріс басталғанын хабарлады, ал Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті Ерболат Жанәбіловқа түсініктеме беру туралы хабарлама жолдаған.
Министрлік заң бойынша ұтыс ойындарын өткізуде билеттерді тек ресми ұйымдастырушылар мен агенттер тарата алатынын еске салды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!