21-22 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады. Ресми іс-шаралар кезінде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін Бішкекте шамамен 3500 милиция қызметкері жұмылдырылады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлік қозғалысына шектеу
Қырғызстанның ІІМ мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары күндері құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Көлік қозғалысы делегация кортежі өткен уақытта ғана уақытша тоқтатылады.
Шектеулер бірнеше бағытты қамтиды: "Манас" әуежайынан мемлекеттік резиденцияға дейін, одан әрі Дооронбек Садырбаев көшесі арқылы "Ата-Бейіт" мемориалдық кешеніне дейін, сондай-ақ, Тоголок Молдо көшесі бойымен.
Бішкекке сапар
Еске салайық, бұған дейін 22 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғыз Республикасына ресми сапармен баратыны хабарланды.
Бішкекте мемлекеттер басшылары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі нығайту мақсатында келіссөз жүргізеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!