Биыл Созақ ауданын ауызсумен қамту бойынша ауқымды жұмыс жүреді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір Созақ пен Қаратау ауылдарына құбыр тартылып, су жүйелері қосылып жатыр. Дегенмен Түркістан облысында тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған елді мекендер көп.
Шақырық елді мекенінің тұрғыны Медет Жұмағали ауласынан құдық қазып, ішіне мотор қойып алған. Тіршілік нәрін осы жерден алады. Мал-жан, бау-бақшасын да құдық арқылы суарады. Бірақ сапасы орталықтандырылған құбыр суына жетпейтінін айтады.
Медет Жұмағали, Шақырық елді мекенінің тұрғыны:
- Мына құдықтың суы қанша дегенмен сапасы төмендеу. Сол суды бақшамызға, ауызсуымыз ретінде пайдаланамыз. Бірақ енді қанша дегенмен құбырдың суына жетпейді. Ол фильтрленіп, тазаланған су. Мына жігіттер биылғы жылдың соңына дейін суды жүргізіп береміз деп отыр. Халық игілігіне пайдалана берсін.
Созақ ауылына қарасты елді мекендерге осыдан 10 жыл бұрын су құбыры тартылған. Алайда кейбірі құдық қазып алса, енді біріне уақытпен беріледі. Тұрғындарды сапалы ауызсумен толық қамту үшін былтыр облыстық бюджеттен 5 млрд 200 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Мұнда екі мың абонентті қамту жоспары бар.
Айдос Нышанбаев, мердігер:
- Мына жақта насостық станциямыз бар. Үш скважина, үш резервуар. Ол жақта да жұмыстар жүріп жатыр. Қазір көшенің ішінде құбыр тартылып жатыр, жалпы ұзындығы 88 шақырым. Биыл жылдың аяғына дейін бәрін бітіріп береміз.
Жалпы Созақ ауданында 10 ауылдық округке қарайтын 29 елді мекен мен 2 кент бар. Мамандардың айтуынша, соңғы екі жылда 10-нан астам елді мекеннің тозған су құбырлары ауыстырылды. Оның жартысы жер қойнауын пайдаланып отырған ұлттық компаниялар есебінен жүргізілді. Қазір ауызсу төрт елді мекенге уақытпен беріледі. Қалғаны тіршілік нәрін тәулік бойы тұтына алады.
Ербол Аманов, Созақ аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:
- Уақытпен берілетін ауылдар – осы Созақ, Қарату, Қозмалдақ және Қарақұр ауылдары. Созақ пен Қарату ауылының су құбыры биыл беріледі. Қозмалдақ пен Қарақұрдың жерасты суы зерттелді, қазір жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Оларға да келесі жылы басталады. Ол жерде орталықтандырылған су құбыры бар. Бірақ ол қайта құру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Өйткені халық саны өсіп, абонент көбейген.
Жауаптылар: «Келер жылдың соңына дейін Созақтағы барлық елді мекен тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі», – деп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов