Шымкентте қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовты еске алу кеші өтті. Әр қазақтың жүрегінде жатталған саз әлемінің саңлағына көпшілік құрмет көрсетіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Эстрада жұлдыздары сазгер әуендерін шырқап, музыкалық мұрасын дәріптеді.
Шәмшінің әні- халықтың әні. Өнер майталманын еске алуға келген қала тұрғындары «Бақыт құшағында» атты концерттік-бағдарламаны тамашалады. Шәмші аллеясында ән әуелеп, күй күмбіледі. Халық композитордың әндерін қосыла шырқады.
Фатима Қалдыбаева, қала тұрғыны:
Жас кезімізден айтатынбыз. Әкеміз де, шешеміз де айтқан. Солардың әнімен өскенбіз. Жүректен айтылған бәрі, өмірден айтылған әндер.
Гала-концертте жүрек тебірентер туындылардың шығу тарихы сахналық қойылым арқылы көрсетілді. Басты мақсат — өміршең туындыларды өнеге етіп, ұрпаққа дәріптеу.
Мөлдір Оңдасынова, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:
Шәмші атамыздың рухани мұраларын насихаттап, бүгінгі ұрпаққа, ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Концертіміз 2 сағат 10 минуттық бағдарламаны алып отыр. Бұған Республикадан танымал әртістерді шақырып отырмыз. Және Шәмші әндерімен танылған біраз жұлдыздарымыз бар.
Заман мен талғам талай өзгергенмен, Шәмшінің әндері ел аузынан түспей келеді.
Светлана Айтбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Шәмшінің композицияларының щоқтығының биіктігі айқындайтын дүние ол – қарапайымдылығы. Оны кез келген адам айта алады. Мысалы, үлкен театр әншілері, классикалық әншілер, болмаса эстрадалық әншілер, қарапайым халық үйде дастархан басында Шәмшінің әнін емін-еркін айта алады. Бұл оның әуенінің қарапайымдылығы және халыққа жетімді.
Еске алу кеші өткен Шәмші аллеясында сазгер әуендері күнделікті қосулы тұрады. Өнер иесін сағынғандар осында келіп құлақ құрышын қандырады.
Э.Тұрлыбек