Қыстың қамын жаз ойла. Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жабай мен Қалқұтан өзендерінің түбі тереңдетіліп, табаны тазартылуда. Ал, Бұланды ауданында арықтар кеңейтіліп, су өткізу құбырлары ауыстырылды. Сондай-ақ көктемгі тасқында су шайып кеткен 100-ден астам жол толығымен қалпына келтірілді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Макинск қаласының тұрғындары былтырғы тасқынды ұмыта қойған жоқ. Аудан орталығындағы 60 үй суға кеткен еді. Міне, содан бері шағын шаһарда біраз жұмыс істелді. Арықтар тазаланып, су өткізу құбырлары салынды.

Әділхан Нұрболат, Макинск қаласының тұрғыны:

- Иә, көктем болса осы жерді су алып жататын. Биыл енді біршама жұмыстар атқарылды. Арықтар қазылды. Мына жерде доғал кішкентай болатын. Су ағып, біздің үй жаққа келетін. Сол доғалды кеңейтіп, үлкенін салды.

Макинск қаласындағы арықтардың жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асады. Қазір соның 5 шақырымы тазаланды. Қыркүйек айына дейін барлық арықты тазартып, кеңейту көзделіп отыр. «Қаржы бар, тек мердігер анықталмай тұр», - дейді шаһар басшысы.

Молдағали Кеженов, Макинск қаласының әкімі:

- Қаладағы тасқынның алдын алуға жергілікті қазынадан 30 млн теңге бөлінді. Екі рет байқау жарияланғанымен, бірақ әлі мердігер табылмай жатыр. Бұл қаржыға қаланың ішіндегі барлық арықтар тазартылады. Сондай-ақ жаңа су өткізу құбырларын саламыз.

Бұдан бөлек, былтыр қарғын судың астында қалған Вознесен ауылына жаңа көпір салынды. Оған облыстық қазынадан 740 млн теңге бөлінген. Дәл осындай көпір Қараөзек ауылына да қажет. Себебі, көктем сайын ауыл тұрғындары апталап жол қатынасынсыз қалады.

Кеңес Шанабаев, Қараөзек ауылының тұрғыны:

- Кейінгі уақытта су тасқыны ауылдың шетіне дейін жетіп тұр. Бұл мәселе жөнінде әңгіме көтеріліп жатыр. Ол анау үлкен көпір саламыз деген. Сол көпір әңгіме болады да, істелмей қалады.

Бұқараның бұл базынасын жергілікті билік өкілдеріне жеткіздік. Қазір олар тиісті жұмыстар біртіндеп басталып жатқанын айтады.

Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Қараөзек ауылына қатысты жобалау ұйымы анықталды. Қазір онда геологиялық жұмыстар жүріп жатыр. Сараптамалық жұмыстар келер жылдың ақпан айында аяқталады. Содан кейін ғана бюджеттік өтінім беріледі. Сондай-ақ ол жерде тек көпір ғана салынбайды. Трассадан ауылға дейін бір жарым шақырым жол толығымен жөнделеді.

Жалпы облыс бойынша қазір 5 көпір салу жоспарланып отыр. Оған шамамен 20 миллиардтан астам қаржы қажет.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный