Ұлы Абайдың есімі Германияда да танымал.
Гётенің отанында көшеге оның есімі берілген. Ал Берлиндегі Қазақстан елшілігінің жанында ғұлама ойшылдың ескерткіші тұр. Бұл қазақстандықтар үшін ерекше орын. Отандастарымыз осында жыл сайын жиналып, ұлт ұстазының рухына тағзым етеді.
4 жыл бұрын Берлин төрінде бой көтерген Ұлы Абайдың ескерткішін Қазақстанның тумасы, мүсінші, әрі суретші Болат Мекебаев жасаған. Қазір Германияда тұратын шебер: "Бұл мен үшін неміс халқына қазақ мәдениетінің бір бөлшегін сыйлау болды", — дейді.
Болат Мекенбаев, мүсінші:
- Берлиннің қақ ортасында, Еуропаның жүрегінде біздің Абай тұр. Бұл мақтануға тұрарлық дүние. Мұнда келген әр адам Ұлы Абайдың шығармашылығымен танысып, қазақ мәдениетіне тереңірек үңілуге ұмтылады. Мен үшін ең маңыздысы осы. Ескерткішті соққанда ерекше шабытпен жасадым.
Әр қазақ үшін бұл ескерткіштің орны бөлек. Бұл Берлин жүрегіндегі Қазақстанның бір бөлшегі іспетті. Азаматтарымыздың туған жермен байланысын сезетін орын.
Нұржан Нұрғалиев, «Болашақ» бағдарламасының иегері, шәкәрім университетінің профессоры:
- Өзіміздің командамызбен осы біздің елшілікке келіп, Абай атамыздың мүсінінің қасына келіп, барлығымыз осы қазақтың ұлы ақынына тағзым етіп, өзіміздің ауданға келгендей болдық. Өзіміздің жерге келгендей болдық. Өйткені бұл жерде Абай атамыздың мүсіні, біздің елшіліктің тұрған жері, қазаки орнаменттер, Абай атамыздың сөздері — барлығы бізге сол өзіміздің елде жүргендей әсер қалдырды. Біз соған қуанамыз, шетелде жүргенде соны ұмытпай, осы жерге келіп, біз өзіміздің қазақ екенімізді мақтанып, өзіміздің бойымызды, рухымызды көтереміз. Бұл бізге өте маңызды.
Қазір Нұржан Нұрғалиев Берлинде білімін тереңдетіп, неміс әріптестерімен тәжірибе алмасып жүр. Абайдың 180 жылдығына орай, ақынның сүйікті өлең жолдарын оқыды.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Берлиндегі Абай ескерткіші мәдениет символы ғана емес, Қазақстан мен Германия достығының нышаны. Ақынның есімін ұлықтау мақсатында бұқара жыл сайын жиналып, ғасырлар өтсе де өзектілігін жоймаған ұлы ойшылдың сөздерін еске алады.
Зайнұр Байжігіт, Шолпан Найманбаева