Шығыста басталған Абайдың тойы Алматыда жалғасын тапты, деп хабарлайды 24kz.

Ғұлама ойшылдың 180 жылдығына орай бүгін қала әкімі Дархан Сатыбалды бастаған әкімдік өкілдері, зиялы қауым мен жастар ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абай тойы өнер өкілдерінің қатысуымен арнайы сахналық қойылымға ұласты.

Адамзаттың бағдары болған Абайдың рухына құрмет көрсетуге келгендер ақын атындағы даңғылдың бойымен жүріп, еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойды. «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік хоры Абай әндерін шырқады.

Ғани Майлыбаев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Гүл шоқтарын қоюға соңғы жылдары мұндай көлемде жиналмаған еді. Байқасаңыздар, қазір барлығы ұйымдасқан түрде гүл шоқтарын қойып жатыр. Бұл Абайға деген алматылықтардың үлкен құрметі деп білемін. Үш театр мен екі оркестрдің ұйымдастыруымен сахналық қойылым ұйымдастырып жатыр. Бұл да бұрын-соңды болмаған дүние.

Мерейтойға орай арнайы қойылған «Алаштың Абайы» музыкалық-драмалық концертті актёр, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Абай өлеңдерімен ашты. Сондай-ақ сахнада Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова және басқа да таланттар өнер көрсетті. Концерт аясында Абай шығармашылығынан театрландырылған көріністер қойылды.

Смағұл Елубай, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

-Сөз жоқ, Абайды тануымыз, Абайды табуымыз жыл сайын тереңдеп келеді, біз жыл сайын Абайға жақындап келе жатырмыз. Бұл жақсы құбылыс деп ойлаймын. Өйткені біз Абайды таныған сайын халқымызды тани түсеміз.

Ұлы ойшылдың мерейтойы мұнымен бітпейді. Жыл соңына дейін Алматыда Абайды дәріптеуге бағытталған 120-ға жуық мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев