Әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының әншісі Мұрат Құсайынов эстрадада 50 жылдан астам өнер көрсетіп келе жатқанын айтып, авторлық құқық мәселесіне қатысты наразылығын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әншінің айтуынша, қазақстандық авторлық қауымдастықтар өнер иелерінің рұқсатынсыз олардың туындыларын пайдаланып, түсетін қаражатты өздері реттейді.

«Бұл – ойлағаннан да өткір мәселе. Өнерде жүріп өмірден өткендердің жесірі мен жетімдерімен сөйлестік. Жұбан Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев сынды классиктердің отбасыларына көк тиын түспей отыр. Біз тіріміз, ал кеткендердің әйел, бала-шағасы бар ғой», – деді ол.

Мұрат Құсайынов мұндай жағдайды жемқорлықтың кесірі деп санайды.

«Егер мен Америкада тұрсам, доллармен мультимиллионер болар едім. Қазір авторлық құқықтан жылына миллион теңге де алмаймын. Елдегі қаржы айналымы толық цифрлануы керек. Автор, сазгер, ақындардың еңбегі лайықты бағалануға тиіс», – деп ашынды әнші.