Мүмкіндігі шектеулі жандарға бүгінде Батыс Қазақстан облысында 1182 нысан толық бейімделген, ал жыл соңына дейін тағы 59 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше БҚО-дағы бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау объектілері– 105;
- білім беру нысандары – 443;
- мәдениет нысандары – 58;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 239;
- спорт нысандары – 120;
- әлеуметтік қорғау объектілері – 17;
- сауда нысандары менойын-сауық орталықтары – 44;
- басқа да нысандар – 156.
«Мен «Ақжайық» оңалту орталығындамын және мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, мысалы, бүйірлік жолдар, пандустар, санитарлық тораптар біздің қажеттіліктерімізге лайықталған. Мұндай жағымды жағдай Орал қаласында ғана емес, облыстың өңірлерінде де байқалады», дейді бірінші топтағы мүгедек, аталған қала тұрғыны Бауыржан Рахметов.
Облыстың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті жыл басынан бері жоспардан тыс бақылау шеңберінде 7 тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша 4 нысанда бұзушылықтар анықталып, 943,7 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.