Шығыс Қазақстанда атом электр станциясына қажетті мамандар даярланады.
Өңірдегі жоғары оқу орындарының бірі, атом саласы бойынша білім береді. Оқу бағдарламасы халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік сарапшыларымен келісілді. Ал, тәжірибелік сабақтар, Ұлттық ядролық орталықта және атом реакторларының негізгі бөлшектерін шығаратын Үлбі металлургия зауытында өтеді.
Атом энергетикасы агенттігінің мәлімдеуінше Қазақстанда алғашқы АЭС 2035 жылға қарай іске қосылады. Құрылыс кезінде шамамен 5 мың ал іске қосылғаннан кейін мың жарым маман қажет болады. Сондықтан кадр даярлау қазірден басталды. МАГАТЭ ұйымының ұсынысы бойынша елдегі 6 жоғары оқу орнында мамандар оқытылуда. Өскемен техникалық университетінде жекелеген оқу бағдарламасы жасалды. Яғни, мұнда атом станциясына қызмет көрсететін энергетиктер дайындалады. Оларды оқытатын ұстаздар түгел Еуропадағы ірі атом электр станцияларында халықаралық тәжірибеден өткен. Алғашқы жылы 50 студент қабылданады. Үміткерлердің бірі Нұртас Амангелді. Энергетика саласы болашақтың мамандығы дейді олар.
Нұртас Амангелді, талапкер:
- Қазіргі таңда Қазақстанда энергетика саласы дамып келе жатыр және осы саланы біз әрі қарай жалғастыру үшін таңдадым. Бұл салада жұмыстар да болады. Дамып келе жатқан, даму үстіндегі мамандық болғаннан кейін таңдадым.
Болашақта атом станциясында жұмыс істейтін мамандар ірі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Олардың қатарында Ұлттық ядролық орталық пен Үлбі металлургиялық зауыты бар. Ол жерде атом реакторларының қосалқы бөлшектерін жасауды үйренеді.
Михаил Подойников, Металлургия зауытының ғылыми орталығы басшысының міндетін атқарушы:
- Біз бұл жерде уран оксиді негізінде ядролық керамикалық отын алудың барлық технологиялық процесін көрсете аламыз. Отандық шикізаттан жылу бөлетін элементтерді құрастыру процесін, оның қалай жасалатынын үйретеміз.
Университеттегі теориялық сабақ жоспары заманауи стандарттар мен техникалық қауіпсіздікке негізделген және атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік ғалымдарымен мақұлданған.
Айбек Ақаев, ШҚТУ Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы:
- Біздің ерекшелік, осы білім беру бағдарламасын ашу кезінде халықаралық атом энергетика агенттігін шақыру арқылы солардың эксперттері біздің білім беру бағдарламасын жасауға көмектесті. Бұл биылғы жылдың сәуір айында үш маман Австриядан келіп білім беру бағдаралмасының мазмұнын толығымен зерттеп даярлау үшін көмектесті.
Жоғары оқу орындарындағы жаңа мамандық түрлері кадр тапшылығын жояды. Бұдан бөлек Қазақстанда АЭС-ке қажет отын қоры да жасақталуда. Өндіріс көлемін арттыру арқылы биылдың өзінде 25 мың тонна уран өндіру жоспарланып отыр.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, 24KZ