Өрескел заң бұзу фактісін Қаражал қаласының прокуратурасы анықтап отыр.
Бірнеше сырқаты бар жүргізуші мектеп директорының жақын туысы болып шыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тағы бір сорақы жайт, оның көлік басқару құқығы да болмаған.
– Аталған азамат – психоневрологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрады (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі), бала кезінен мүгедек, сондай-ақ есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек. Бұған қоса, заңды күшіне енген сот шешімімен ол жүргізуші куәлігінен айырылып, көлік құралдарын басқару құқығы болмаған, – делінген хабарламада.
Осындай жағдайларға көз жұма қараған Қаражал қаласындағы мектептің директоры туысын ресми түрде жүргізуші ретінде жұмысқа алған. Прокуратураның дерегінше, ол "ПАЗ-423470" маркалы мектеп автобусын тізгіндеп, 129 оқушыны тасымалдаған.
– Бұл адам – мектеп директорының жақын туысы. Сондықтан, мүдделер қақтығысы бар. Мектеп директорына қатаң тәртіптік жаза берілді, ал жүргізуші жұмыстан шықты, – деп хабарлайды прокуратура.