Қазақстанда ауа райы күрт құбылады.
"Қазгидромет" 13 мамырға арналған ауа райына байланысты Астана қаласы мен еліміздің 16 өңірінде дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар аймағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Кей өңірлерде үсік, тұман, шаңды дауыл және жоғары өрт қаупі сақталады.
Астанада кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады. Екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді.
Ақмола облысында түнде жаңбыр мен найзағай болжанады. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с болады. Өңірдің оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының таулы аймақтарында тұман түсіп, шығысында жел күшейеді. Оңтүстік-шығыста төтенше өрт қаупі бар.
Ұлытау облысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шығысында түнде 2 градус үсік жүреді.
Ақтөбе облысында желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшейеді. Оңтүстікте өрт қаупі жоғары болады.
Маңғыстау облысында найзағай, жаңбыр және шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысының батысында өткінші жаңбыр жауып, кей аудандарда шаңды дауыл көтеріледі.
Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр аралас қар жауып, ауа температурасы 1–6 градусқа дейін төмендейді. Үсік жүруі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында найзағай ойнап, жаңбыр мен бұршақ жаууы ықтимал. Кей жерлерде тұман түседі.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Абай облысында тұман түсіп, шығыс пен оңтүстікте 3 градус үсік болуы мүмкін.
Жамбыл облысының таулы өңірлерінде тұман түсіп, желдің екпіні 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Қызылорда облысында шаңды дауыл соғып, жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Кей аумақта төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде тұман түседі.
Алматы облысының батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Оқи отырыңыз: IT маман, дәрігер, педиатр: Қазақстанда 50-ден астам мамандық бойынша шетелдіктерге мүмкіндік берілді