Францияда MV Hondius жолаушысынан хантавирус анықталды.


АҚШ билігі хантавирус тіркелген MV Hondius круиз кемесіндегі 18 жолаушыны эвакуациялап, медициналық бақылауға алды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі мәліметінше, жолаушылар ел аумағына жеткізіліп, карантинге орналастырылған.

Ресми дерек бойынша, 16 адам Небраска университетінің медициналық орталығы ауруханасына жатқызылған. Қалған екі адам Атланта қаласындағы медициналық мекемеде бақылауда отыр. Олардың бірінен ауру белгілері байқалған.

"MV Hondius круиз кемесі Анд хантавирусының таралуымен байланысты аталып отыр. Бұл – сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін хантавирус түрі. Дегенмен мамандар инфекцияның негізгі тасымалдаушысы кеміргіштер екенін айтты. АҚШ ведомстволары тұрғындар арасында індеттің жаппай таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді. Себебі вирус жұғу үшін науқаспен ұзақ әрі тығыз байланыс қажет", – делінген хабарламада.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, круиз кемесінде жеті адамнан хантавирус анықталған. Медициналық бақылаудағы жолаушылар 42 күнге дейін карантинде болуы мүмкін.

Сонымен қатар Францияда да MV Hondius кемесіндегі жолаушы әйелден ПТР-тест арқылы хантавирус анықталды. Бұл ақпаратты Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Рист BFMTV телеарнасына растаған. Әйел инфекциялық ауруханаға жатқызылып, онымен байланыста болған 22 адам бақылауға алынған.


Оқи отырыңыз: Оңтүстік Атлантикадағы аралда хантавирустың жаңа жағдайы тіркелді. ДДСҰ не дейді?


"Қазіргі уақытқа дейін хантавирус сегіз адамнан расталды. Үш жолаушы қаза болған, тағы бір науқас Йоханнесбург қаласындағы ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Инфекцияның таралу қаупіне байланысты жолаушыларға каюталарынан шығуға тыйым салынған. Белгілі болғандай, лайнер Ушуайя қаласынан шығып, Канар аралдары бағытына жол тартқан", – делінген хабарламада.

Кемеде шамамен 150 адам бар. Олардың басым бөлігі – АҚШ, Ұлыбритания, Испания және Нидерланд азаматтары. Сонымен қатар экипаж құрамында Ресейдің бір азаматы бар екені айтылды.

Бұған дейін Испанияда MV Hondius лайнерінен 94 адам эвакуацияланған еді.