Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің екінші жарыс күнінде ел қоржынына тағы бір қола медаль түсті. Бұл туралы Қазақстан Дзюдо федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Федерацияның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, 73 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Аңсарбек Ғайнуллин әлемдік рейтингтік турнирдің қола жүлдегері атанған.
Ол шешуші белдесуде Молдова дзюдошысы Влад Митрудан басым түсіп, өз мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің жүлдесін жеңіп алған.
Жарыстың бірінші күнінде Қазақстан қоржынына екі жүлде түскен болатын. 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар күміс жүлдегер атанса, Шерзод Давлатов қола медаль иеленді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз