Келешек мектептерінің құрылысына инновациялық әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр .
Оның ішінде (е-пи-си) ЕРС-келісім-шарт механизмі енгізілді. Яғни жобалау, құрылыс және жабдықтау жұмыстарын бір мердігер ұйым жүргізеді. Сонымен қатар барлық құжат айналымы электронды форматқа көшірілді. Саладағы өзге де жаңашылдықтар жайлы тілшіміз тарқатып айтады.
- Бұл Астанада былтыр қолданысқа берілген жайлы мектеп. Мұндағы алғашқы оқу жылында 4300-ден астам бала білім алды. Бастауыш пен жоғары сыныптар үшін бөлек оқу ғимараты, спортзал мен асхана қарастырылған. Жаңа білім ордасы Нұра ауданындағы үш ауысымды мектептердің жүктемесін жеңілдетті.
Сұлтанәлі Темірғәлі, оқушы:
- Өзім №71 мектеп-лицейінен келген едім. Ол мектепте үш ауысым болғандықтан, ал осы мектеп үлкен әрі жайлы мектеп болғандықтан және орын көп болғандықтан осы мектепке көшуге шешім қабылдадым.
Нұрбек Ерікұлы, география пәнінің мұғалімі:
- Бейресми тұрғыда мектебімізге "GGG" деп ат қойғанбыз. Ол "жаңа, жылы және жайлы" деген. Әрине біздің ең басты мақсатымыз балаларға жайлы орта қалыптастыру.
"Жайлы мектеп" жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланса, соның 208-інің құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына жүктелген. Ұйым бұл бағытта инновациялық әдістерді қолданып жатыр. Ең алдымен ЕРС-келісім-шарт механизмі енгізілді. Яғни жобалау, құрылыс және жабдықтау жұмыстарын бір мердігер кәсіпорын жүргізеді. Бұл тәсіл уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Ғабит Малғаздаров, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Мысал келтірсек, осы Астана қаласында салынған 2 мың орындық мектепті 9 айдың ішінде салып біттік. Осы ЕРС-келісім-шарт механизмінің арқасында. Ал егер нормативті қарасақ, нормативтік 26 ай. Екіншіден, құрылыс саласында алғаш рет енгізілген е-құрылыс ақпараттық жүйесі. Орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, оған қол қою және оны бізге тапсыру, бәрі цифрландырылды.
Мектептердің құрылысын онлайн бақылауға болады. Әр учаскеге 8 бейнекамера орнатылған. Құзырлы орган өкілдері кез келген уақытта қашықтан тексере алады. Құрылысқа қолданылған отандық кәсіпорындар өнімінің үлесі едәуір ұлғайған.
Ғабит Малғаздаров, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Есік болсын, терезе болсын, техникалық жабдықтау, вентиляцияның бәрін отандық өндірушілерге ауыстырдық. Солардың бәрін жылжытып, 75 пайыздан бастап, 90 пайызға дейін құрылыс материалдарын жабдықтау отандық өндірушілерге орнаттық.
Сонымен қатар жайлы мектептердің жобасы халықаралық стандарттарға негізделген. 105 ғимарат қолданысқа берілді. Ал қалғаны осы жылдың аяғына дейін тапсырылады, деді компания өкілі.
Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен