Құзырлы орган депутаттың бастамасына қолдау білдірді.
Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода қыста көлікті 5 минуттан артық қыздыру мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бір жыл бұрын қоғамда автокөлікті қыздырғаны үшін салынатын айыппұлға қатысты норма қызу пікірталас туғызды. Біз бұл мәселені шешудің бірнеше нұсқасын ұсынып отырмыз. Осы заң жобасында елді мекендерде қыс мезгілінде көлікті қыздыруға қойылған тыйымды толық алып тастауды ұсынамыз. Сондай-ақ, арнайы белгі қойылған тұрғын аймақтарда бұл шектеу сақталады. Осы ұсыныс туралы не ойлайсыздар?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл ұсынысты министрлік қолдайтынын жеткізді.