Ауа сапасына үздіксіз мониторинг жүргізіледі.


Өскеменде "Қазмырыш" кәсіпорнында болған жарылысқа байланысты ведомствоаралық комиссия құрылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, апатқа байланысты жедел штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етті.

Аймақ басшысы өз сөзінде үйінді астында қалған зардап шеккендерді іздеу жұмыстарын жалғастырып, апат толық жойылғанға дейін ТЖД қызметкерлерінің сол жерде болуы қажеттігін жеткізді.

Жарылыстың нақты себебін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылады.

"Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруы тиіс. ШҚО Экология департаменті апатты жою штабы жұмыс істеген кезеңде атмосфералық ауа сапасына үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізуі қажет. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі", – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Өндірістік циклдің одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін бағалау бойынша тиісті шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ кәсіпорындағы қауіпсіздік техникасының сақталуына бақылау күшейтіледі. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында екені айтылды.

Айта кету керек, бұған дейін "Қазмырыш" кәсіпорнындағы жарылыстан 2 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Жарылыстан кейін ауада зиянды заттар көбейген. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Өскемендегі жағдайды жеке бақылауына алды.