Әскери комиссариат әрекеті сынға ұшырады.


Шымкент қаласында түнгі уақытта жас жігітті әскери комиссариат қызметкерлерінің күштеп алып кеткені түсірілген видео әлеуметтік желіде таралып, қоғамның наразылығын туғызды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бейнежазбада дүкенге шыққан жігітті бірнеше адамның қуып жетіп, жерге құлатқаны, кейін оны көлікке күштеп отырғызғаны көрінеді. Жігіттің құлап, жарақат алғанына қарамастан, оны алып кеткені жұрттың сынына ұшырады.

Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері бұл әрекетті азаматтың әскери міндетін орындаудан жалтаруымен түсіндірді. Олардың айтуынша, шақыртуды елемеген соң осындай шара қолданылған.

Сонымен қатар ведомство кейін жағдайдың түсіндірілгенін мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес, жас жігіт кейін өз еркімен жинақтау пунктіне барып, медициналық тексеруден өткен. Қазіргі таңда оның арыз-шағымы жоқ екені айтылды.

Департамент бұл оқиғаны "түсінбеушіліктен туындаған жағдай" деп бағалап отыр.