1200 бала 700 орынға сыймай отыр.


Жетісу облысы Балпық би ауылында орналасқан Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектепте орын тапшылығы мен ғимараттың тозығы жетуі күрделі мәселеге айналды. 700 оқушыға арналған білім ордасында бүгінде екі ауысыммен 1200 бала білім алып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Кабинет жетіспеушілігі салдарынан оқушылар мектеп кітапханасында сабақ оқуға мәжбүр. Уақытша сыныпқа айналған оқу залында балалар күн сайын дәріс алады. Ал кітапхана қызметкерлері сабақ барысында оқушыларға кедергі келтірмеу үшін өз жұмыстарын кейінге шегеруге мәжбүр.

Мектептің материалдық-техникалық базасы да сын көтермейді. Мұнда шығармашылық студия, зертхана, робототехника кабинеттері жоқ. Сонымен қатар спорт залы мен стадион да қарастырылмаған. Ғимараттың қабырғалары көгеріп, шатыры мен едені әбден тозған.

Аталған мектеп 1961 жылы салынған, соңғы рет шамамен 20 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстарына қажетті сметалық құжаттар әзірленгенімен, қаржы әлі бөлінбеген.

Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Тұзбаевтың мәліметінше, мектепті жөндеуге шамамен 1,5 млрд теңге қажет. Алайда қаражаттың нақты қашан бөлінетіні белгісіз.

Оқушы саны жыл сайын артып келе жатқан білім ордасында мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ал оған дейін балалар ескірген әрі тар ғимаратта білім алуға мәжбүр.