Әуежайдағы ақаулар 6 ай ішінде толық жойылады.
ҚР Көлік министрлігі Алматы халықаралық әуежайының терминалын су басу фактісіне байланысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
Ведомство басшылығы Алматы халықаралық әуежайы әкімшілігімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жедел кеңес өткізген. Нәтижесінде Азаматтық авиация комитеті әуежайды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Әуежай басшылығы техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзель тәртіптік жазаға тартылғанын хабарлады.
"Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар күшейтіліп, барлық шаралар жедел режимде жүргізіліп жатыр. Су басу себептерін толық жою және жөндеу жұмыстарын аяқтау алдағы 6 ай ішінде жоспарланған", – делінген хабарламада.
Көлік министрлігі авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау күшейтілетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайында шетел азаматы есірткімен ұсталды. Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін