Қостанай облысында ақылы трассадағы көпірде қауіпті ойық пайда болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жүргізушілер түсірген видеода жолдың ортасы опырылып, өткел уақытша жабылғаны көрінеді. Тесіктің айналасы қаппен қоршалып, белгі қойылғанымен, қауіп сейілген жоқ. Ауыр жүк көліктері өткен сайын көпірдің жағдайы алаңдатып отыр.
Жергілікті жұрт бұл учаскеде шұңқырлар бұрыннан барын айтады. «ҚазАвтоЖол» мамандары тексеріс жүргізіп, жөндеу құнын есептеп жатыр. Әзірге тек уақытша шаралармен шектеліп отыр. Ал толық жөндеу жұмыстары қашан басталатыны нақты айтылмады.
Айта кетейік, бұл көпір соңғы рет 2003-2004 жылдары күрделі жөндеуден өткен. Араға 20 жыл салып, нысан қайтадан апатты күйге түсті.